ҒҰЛАМА НЕ ҮШІН ЖЫЛАДЫ?
Ілгеріректе өмір сүрген Ибну әл-Мубәрәк атты ғұламаның көршісі яһуди болатын. Бірақ ол кісі тамақ пен киімді алдымен балаларына емес, сол яһуди көршісіне береді екен. Бір күні адамдар сол яһудиге «үйіңді сатшы» дейді. Сонда ол: «Үйім екі мың динар. Үйдің өз бағасы – мың динар. Ал мың динар – Ибну әл-Мубәракқа көрші болатының үшін»,- дейді. Бұны естіген ғұлама: «Я, Алла, оны Исламның нұрына бөлеші»,- деп қатты дұға қылады. Осылайша, ол яһуди Алланың қалауымен Ислам дінін қабылдаған екен.
Тағы бірде Ибну әл-Мубәрак керуенмен қажылыққа сапар шегеді. Кетіп бара жатып, қоқыстан өлі қарғаны алып кетіп бара жатқан әйелді көреді. Бір қызметшісін әлгі әйелдің артынан біліп келу үшін жібереді. Сонда әйел «Үш күннен бері ештеңеміз жоқ, аштықтан қиналып отырмыз»- деп жағдайын айтады. Бұны естіген Ибну әл-Мубәрактың көздерінен жас шығып, бүкіл керуенді осы ауылға таратуға бұйрық береді де, өзі осы жылы қажылық сапарын қойып, артқа қайтады. Ол кісі түсінде бір адамның: «Қажылығыңыз қабыл болсын! Күнәңіз кешірілген болсын!»- деп жатқанын көреді.
Бұндай жандар жайлы Алла Тағала Құранда: «...Әрі өздерінде мұқтаждық болса да, оларды өздерінен артық көреді...» («Хашыр» сүресі, 9-аят), - деген.
Иә, жақсылықты шамаң жеткенше жасап қалуға тырыс. Нағыз мұсылман «Бәлкім, осы амалым менің Жәннатқа кіруіме себепкер болар. Бәлкім, мынаны жасасам, Алла маған разы болар» деген ойлармен әлек болуы керек. Себебі сені қай жақсылығың Жәннатқа кіргізетінін білмейсің... Ендеше, амалдар есепке тартылатын күні Алла Тағаланың: «Өткен күндерде істеген амалдарың себепті рахаттана жеңдер әрі ішіңдер!» деген сөзін есту үшін ештеңеден аянба!
#асыларна #asylarna #жақсылық #ізгілік #ҒұламаНеҮшінЖылады